СЕМИНАРЛАР ГЕОГРАФИЯСЫ

Студия Style

Яндекс.Метрика

«Тіл орталықтарын аккредиттеу: бүгіні мен болашағы» республикалық семинары

29.11.2013

«Тіл орталықтарын аккредиттеу: бүгіні мен болашағы» республикалық семинары

           Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тіл орталықтарын аккредиттеу жүйесі әдіснамасының» жобасын әзірледі.
         Аталған жобаның басты мақсаты – Қазақстандағы мемлекеттік және жеке оқыту орталықтарының жұмысын жүйелендіруге жағдай жасау, оқыту сапасын, тіл үйренушілердің тілді үйренуге деген ынтасын арттыру.
         Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан - 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», - деп атап көрсеткен болатын. Тіл орталықтарын аккредиттеу ісі осындай кешенді шаралардың бірі болып табылады.
             Тіл комитетінің тапсырысымен «Іскер» бизнес академиясы жобаның 1-кезеңін, тіл орталықтарын аккредиттеудің әдіснамасы, сыртқы сараптама жүргізу әдістемесі, стандарттар мен критерийлер, аккредиттеуге арналған жетекші құралын әзірледі. 
            Әдіснаманы әзірлеуде Қазақстандағы жоғары оқу орындарын аккредиттеудің тәжірибесі, шетелдік тәжірибелер зерделенді, сарапталды. Сонымен қатар аккредиттеу ісінің барысын айқындау үшін Қазақстандағы тіл орталықтарының бүгінгі жай-күйі, елдегі тілдік-әлеуметтік, тілдік-демографиялық жағдайлар зерттелді. Жоба нәтижелері Қазақстанның бірнеше облыстарында (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды) сынақтан өткізіліп, оң бағасын алды. 
             Жалпы тіл орталықтарын аккредиттеу жүйесі мынадай нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді: 
• тіл жөніндегі мемлекеттік саясат міндеттерін тиімді түрде жүзеге асыруға;
• тіл орталықтары ұсынатын қызметтердің сапасын арттыруға;
• бәсекелес орта қалыптастыруға;
• тұтынушылар тарапынан сенімнің артуына.
          Аккредиттеудің келесі қадамы – аккредиттеудің құқықтық-нормативтік негізін қалыптастыру, аккредиттеуден өткізетін құзырлы ұйымды құру және аккредиттеу үдерісін бастау.
             Семинарға жоба командасының мүшелері, филолог-ғалымдар, облыстық, аудандық Тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, әдіскерлері және т.б 100-ге жуық адам қатысады. 
              Семинар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жауапты хатшысы Ж.Құрманғалиеваның құттықтау сөзімен ашылады.  
             Семинарда Тіл комитетінің төрағасы М.Сқақов және жоба командасының мүшелері, ғалымдар: т.ғ.к., доцент Ә.Бекенова, ф.ғ.д., профессор Ж.Жақыпов, ф.ғ.к., доцент А.Абасилов, э.ғ.к. А.Құрманғалиева және т.б. баяндама жасайды.
             Семинар қорытындысында қатысушыларға «Тіл орталықтарын аккредиттеуге арналған жетекші құрал» таратылады.

Возврат к списку